Облыстық клиникалық аурухананың оперативтік гинекология бөлімінде жамбас қуысы мүшелерінің төмен түсуін емдеудің жаңа әдісі – жамбастың түбін үш деңгейлі гибридті қалпына келтіру тәсілі енгізілді. Операция қынап арқылы – тілік пен тесусіз жасалады. Хирургтар синтетикалық протездер мен пациенттің өз тіндері арқылы жатыр мен қуықты тіреп, олардың қалыпты орны мен қызметін қалпына келтіреді.
Жаңа әдіспен алғаш болып операция жасалған пациент – Шет ауданының 78 жастағы тұрғыны. Операциядан кейінгі келесі күні-ақ әйел адам өздігінен тұрып, қозғала алған, себебі бұл әдісте қалпына келу процесі әлдеқайда жылдамырақ өтеді.
Мұндай операцияны Қарағанды облысының барлық тұрғындары МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) аясында өте алады. Ол 50 жастан асқан, 3-4 дәрежелі пролапсы бар әйелдерге қолайлы.
Пролапс – кең таралған мәселе, бірақ әйелдер көбінесе дәрігерге қаралуын кейінге қалдырады. Ал қазіргі әдіспен жасалатын операция небәрі бір сағатқа созылады, жергілікті анестезиямен жүргізіледі және қалыпты өмірге тез оралуға мүмкіндік береді.