Облыстық клиникалық аурухана базасында өкпенің созылмалы обструктивті ауруына және оның диагностикасы мен мониторингіндегі спирометрияның рөліне арналған практикалық семинар өтті.
Іс-шараға пульмонологтар, пациенттерді зерттеуге жолдайтын жалпы практика дәрігерлері, спирометрия жүргізетін мейіргерлер, сондай-ақ нәтижелерді түсіндіретін мамандар қатысты.
Семинар Қарағанды облысының түрлі қалалары мен аудандарынан келген медицина қызметкерлерін біріктірді. Қатысушылар пациентті спирометрияға дайындау ерекшеліктерін, зерттеу жүргізу техникасын және спирограмманы бағалау критерийлерін талқылады. Клиникалық жағдайлар, диагностика және пациенттерді емдеу мәселелері талқыланды.
Семинарды профессор, медицина ғылымдарының докторы Лязат Ибраева өткізді. Семинардың практикалық бөлімінде спирография бойынша шеберлік сыныбы өтті. Дәрігерлер мен мейіргерлер сарапшылардың басшылығымен дағдыларын пысықтады.