Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының орталықтарында Дүниежүзілік бүйрек күніне арналған іс-шаралар өтті.
Терапиялық орталықта дәрігерлер нефрология, пульмонология, эндокринология және кардиология бөлімшелерінде ем алып жатқан пациенттермен кездесу өткізді. Мамандар бүйрек саулығын сақтаудың жолдары, бүйрек ауруларының дамуына әсер ететін қауіп факторлары және диализ бен бүйрек трансплантациясы сияқты ауыр асқынулардың алдын алу үшін қандай шараларды сақтау қажет екендігі туралы айтып берді.
Кездесуге қатысушылар дәрігерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қан талдауын тапсырып, бүйрек ауруларының алдын алу бойынша ұсынымдар жазылған ақпараттық жадынамалар алды.
Консультативтік-диагностикалық орталықта бұл күні Ашық есік күні ұйымдастырылды.
Тегін қабылдауды нефролог, эндокринолог, уролог, проктолог және терапевт жүргізді. Сондай-ақ бүйректің ультрадыбыстық зерттеуі (УДЗ), зертханалық талдаулар, қандағы глюкоза деңгейін анықтау және артериялық қан қысымын дұрыс өлшеу техникасы бойынша оқыту жүргізілді.
Серіктестік аясында офтальмологиялық орталықтың мамандары пациенттерге оптикалық когерентті томография жасады.
Акция барысында бірнеше сағат ішінде:
• 20-дан астам адам нефрологтың кеңесін алды;
• тағы 20-дан астам пациентке басқа бейінді мамандар консультация өткізді;
• 20-дан астам адам бүйректің ультрадыбыстық зерттеуінен өтті;
• бірнеше пациентке қуық пен қуықасты безінің ультрадыбыстық зерттеуі жүргізілді.
Осындай іс-шаралар ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді және бүйрек саулығының көп жағдайда профилактикаға әрі өз денсаулығына ұқыпты қарауға байланысты екенін тағы бір мәрте еске салады.













