Облыстық клиникалық ауруханада сирек кездесетін патологиясы бар пациентке – жатыр эндометриозының қуыққа таралуымен асқынған жағдайға байланысты күрделі біріктірілген операция сәтті жүргізілді.

Бұған дейін пациент онкологиялық орталықта бақылауда болып, қатерлі ісік үдерісі жоқ екені расталған. Алайда ауру үдей түсіп, көршілес ағзаларға таралған.

Мұндай жағдайларда мәселе тек гинекологиямен шектелмейді. Бұл – бірден бірнеше маманның қатысуын талап ететін күрделі пәнаралық хирургия.

Аталған хирургиялық топ үшін алғаш рет операцияны гинекологтар мен урологтар бірлесіп орындады.
Ота екі кезеңмен жүргізілді.
Аз инвазивті лапароскопиялық әдіс қолданылды.
Жатыр экстирпациясы және қуықтың зақымдалған бөлігінің резекциясы жасалды.

Операция бірнеше сағатқа созылып, жоғары дәлдікті және екі хирургиялық бригаданың үйлесімді жұмысын талап етті.

Дәрігерлердің басты мақсаты – ауру ошағын толық жоюмен қатар, қуықтың қызметін сақтап, пациент үшін операциялық қауіп-қатерді барынша азайту болды.

Қазіргі уақытта пациент оңалту кезеңінен өтуде. Дәрігерлердің бағалауынша, болжамы қолайлы.